CSI - Центр Стратегических Инициатив
CSI - Центр Стратегических Инициатив

Қазақстанның банк жүйесінің ашықтығын арттыру

Авторлар: Олжас Худайбергенов, Ербол Тулегенов

1 желтоқсан 2019

Қазақстанның банк секторы 2000 жылдары экономикалық өсуді қаржыландыруда маңызды рөл атқарды. Экономикаға құйылатын қаражат ағыны салыстырмалы болды, тіпті кей жылдары елге келіп түскен экспорттық кіріс көлемінен де асып түсті. Мысалы, 2006 жылы елдің таза экспорты $14,6 млрд құраса, кредит беру көлемінің өсімі $17,6 млрд асып түскен. 2007-2008 жылдары экономикаға жаңа несиелердің көлемі айына 1 трлн. теңгеге дейін жетті, ал ЖІӨ-ге қатысты несие қоржыны ЖІӨ-нің 56% жеткен.

Дегенмен, банк секторының әлсіз тұсы да болды – банктерді қорландырудың басым бөлігі сыртқы қарыздарға сүйенді. Шын мәнінде, банктер валюталық тәуекелдерді өз мойнына алып, әрі қарай қарыз алушыларға берді. Нәтижесінде 2009 жылы әлемдік дағдарыс пен теңгенің құнсыздануы себебінде қарыз алушылардың бір бөлігі несие төлеуді тоқтатты. Заемдардың басым бөлігі құрылыс секторына (2008 жылғы шілдеде 18%) келгендіктен жағдай қиын болды, бұл көбінесе үлестес жобалардың қаржыландырылуымен және қалыптасқан «көпіршіктің баға шыңында» алыпсатарлық активтерге қаражаттың белсенді салынумен түсіндіріледі. Дағдарыс нәтижесінде жұмыс істемейтін кредиттердің үлесі (сол сәтте Ұлттық Банктің жіктелуі бойынша 5-ші санатты үмітсіз және күмәнді қарыздардың сомасы) 2009 жыл ішінде 8%-дан 36%-ға дейін көтерілді. Одан кейін де «улы кредиттердің» жоғары үлесі 2014 жылға дейін, Ұлттық банк көрсеткіштері 10% жоғары болатын банктерге санкция салуға уәде бергенге дейін сақталды. Содан бері банктер нашар несиелерді 10%-дан аз етіп көрсетеді, ал іс жүзінде банктердегі жағдай өзгерген жоқ. Бір қызығы, барлық рейтингтік агенттіктер оң рейтингтерді сақтай отырып, осы деректерге сенген.


Бастапқыда нақты ахуалды жасыруға мәжбүрлік себеп болса, 2014 жылдан кейін бұл әдеттегі тәжірибеге айналды – бұл банктердің жұмысы ашық емес екенін көрсетеді. Әрине, деректерді манипуляциялау ресми есептілікке сүйеніп, оған лайық емес банктерде депозиттерді орналастырған депозиторлардың қателіктеріне әкелді. Дегенмен, проблемалық банктердің көбіндегі жағдай түзетуге келетін, бірақ Ұлттық банк дұрыс әрекет етпеді және ақпараттық кеңістікке берген мәліметтері дүрбелең туғызып, депозитарийлердің банктерден күрт қашуына себеп болып жағдайды ушықтыра түсті, әдейі болмаса да банкке «репутациялық соққы» жасалды.

Әрине, қалыптасқан жағдайда банктердің банкроттығы стандартты схема бойынша жүргізілді – нақты банкте "кенеттен" проблема анықталады, жеке тұлғалардың депозиттерін тартуға лицензиясы тоқтатылады немесе банк клиенттерінің арасында үрей туғызған ақпарат жарияланады. Бұдан әрі "батып бара жатқан" банк нашар кредиттер бойынша нақты деректерді жариялайды, әдетте ол несие қоржынының 50-70%–зына тең болады (мысалы, Астана банкінде қызмет көрсетілмейтін кредиттердің үлесі 2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша – 6,61% болса, ал лицензиядан айыру алдында 2018 жылғы 18 қыркүйекте – 46,73% құрады). Содан кейін банкті тексеру және рейтингтердің дефолтты деңгейге дейін күрт төмендеуі жарияланды. Тағы 2-3 айдан кейін лицензияларды қайтарып алу және банкті тарату жарияланды.

Ең қызығы, банктер банкрот болған көп жағдайда бөлшек депозиторлар өз депозиттерінің толық сомасын қайтарып алып (10 млн.теңге шегінде), іс жүзінде зардап шеккен жоқ. Әрине, барлық тәуекелдер Үкімет пен Ұлттық Банкпен үнемі қаржындырылатын Депозиттерге кепілдік беру және Проблемалық кредиттер қорлары арқылы мемлекетке аударылды.

Күтпеген жерден және кенеттен болған оқиғалар барлық банктердің ресми деректеріне сенімсіздік тудырып, төрт теріс трендті қалыптастырады:
1. Жалпы банктерге сенімсіздік. Бұл ретте сенім үшін бір ғана параметр ғана қалды - ірі депозиторлар сенетін Банктің саяси күшті акционерінің болуы, осы сенімділікке ұсақ депозиторлар да иек артады;
2. Банктердің шетелдік рейтингтеріне сенімсіздік;
3. Активтердің сапасын қадағалау тұрғысынан да, банктерге қатысты дағдарысқа қарсы шаралардың барабарлығы тұрғысынан да Ұлттық Банкке және жалпы банктік қадағалау жүйесіне деген сенімсіздік (егер теріс хабар жарияланса, онда бұл сөзсіз банкті жабумен не акционерлерді толық ауыстырумен және мемлекет есебінен нашар кредиттерден тазартумен аяқталып отырады);
4. Кез келген ресми мәлімдемелерге сенімсіздік. Осыған байланысты банктердің жай–күйі туралы тиісті білімі мен біліктілігі жоқ блогерлер немесе мессенджерлер арқылы анонимді ақпарат таратудың альтернативті көздері пайда болды, осындай оқиғалар кейде санкция жарияланбаған банктердің «үрейін ұшырып» отырды (мысалы, Каспибанкіне қатысты тұрақты смс-хабарламалар).

Банктердің жұмысында ашықтықтың және соның нәтижесінде сенімнің болмауы салымшылардың жаппай кетуіне себеп болады, жағдайды реттеуге, оның ішінде шұғыл қарыздар және проблемалық кредиттерді реттеуге мемлекет тарапынан және Проблемалық несиелер қорынан қаражат бөлінеді, доллардағы төмен ставкаға қарамастан депозиттердің долларға ойысуы, тұтастай алғанда экономиканы несиелендіру төмендейді.

Салымдардың кетуі
SMS-шабуылы кезінде тұрақты банктердің өзінен салымдар кетіп жатады, осындай хабарламалардан кейін банктің ауқымына қарай бір аптада 50-150 млрд. теңге салым кетеді, одан кейін жағдай 4-8 апта ішінде қалыпқа келеді. Ал Ұлттық Банк тарапынан әрекет басталған жағдайда, проблемалық банктерден депозиттердің кетуі 100% - ға жуықтайды.

Қалыпқа келтіру шығыстары
Соңғы 10 жылда мемлекет банктерге $26 млрд астам қаражат бөлді және алушылардың бір бөлігі бүгінгі таңда қайта құрылып үлгерді (жойылды).

Долларландыру
Долларлық депозиттердің көлемі соңғы 5 жылда 5,4 трлн теңгеден 7,8 трлн теңгеге дейін өсті, бұл ретте ағымдағы сәтте депозиттердің жартысына жуығы доллармен номинацияланды (45%).

Несиелеуді төмендету
Қазіргі таңда жалпы ішкі өнімге қатысты несие қоржынының көлемі 2007 жылғы 56%-дан 2018 жылы 21%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте сақталып отырған нашар активтердің ықтимал көлемін шегергенде, көрсеткіш 16-18%-ға жетеді, бұл тым төмен деңгей болып табылады. Салыстыру үшін ЖІӨ-ге қатысты кредиттердің үлесі АҚШ-та 186%-ды, Жапонияда – 168%-ды, Қытайда – 161%-ды, Сингапурда – 122%-ды, РФ-да – 76%-ды, Түркияда – 67%-ды (орташа ЭЫДҰ елдерінде – 141%) құрайды.

Қазіргі уақытта Ұлттық банк жүйесіне деген сенімді арттыруы тиіс екі бастаманы жүзеге асыруда:
1) ЕДБ активтерінің сапасына талдау жүргізуде (2019 жылдың желтоқсанында аяқталады деп күтілуде);
2) 2021 жылы Базель-3 стандарттарын енгізу.

Талдаудың қорытындысы бойынша банктерді қосымша қолдау қажеттілігі анықталады, ал Базель-3 стандартын енгізу акционерлердің банктерді қайта капиталдандыру қажеттілігін тудырады, әрине бұлай болуы екіталай, сондықтан да әлсіз банктердің неғұрлым күшті банктермен бірігу ықтималдығы өте жоғары болады.

Сонымен қатар, Ұлттық Банк мынадай шараларды іске асыруы қажет:
1. Банктерді корпоративтік басқаруды, оның ішінде жекелеген жағдайларда әлі ресми түрде ғана бар Тәуелсіз директорларды қоса алғанда, жекелеген банктердің басқармасы мен директорлар кеңесін толық жаңарту арқылы жақсарту;
2. Банктерді нашар несиелер бойынша деректерді жасыруға ынталандыратын нормалардың күшін жою;
3. Салықтық ынталандыру арқылы нашар кредиттер бойынша қайта құрылымдауды ынталандыру;
4. Ағымдағы проблемалар бойынша шараларды әзірлеуге белсенді тарту мақсатында сараптамалық алаңмен жұмысты жандандыру.
Источники:
В написании статьи были использованы данные Национального Банка Казахстана, Комитета статистики
МНЭ РК, Всемирного Банка, а также материалы из казахстанских СМИ.

https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/sleduet-jdat-sokrascheniya-kolichestva-bankov-ekspert-342487/
https://forbes.kz/leader/reyting_bankov_kazahstana_2019_1566550739/
https://informburo.kz/stati/chto-proishodilo-s-bankami-poslednie-10-let-obyasnyaem-v-grafikah.html
https://data.worldbank.org/indicator/FS.AST.PRVT.GD.ZS
Made on
Tilda