Келесі тарауларда біз барлық тармақты жан-жақты таратып көрсетеміз, бірақ қазақстандық жағдайда тағы бір драйвер керек, ол – валютада кредит беруге тыйым салу шарты, олай етпесе нашар кредиттердің пайда болу мүмкіндігі, оларды жасыру фактілері және т. б. жағдайлар орын алады. Банктердің тұрақтылығына, негізінен, берілген кредиттердің сапасы (қайтарылуы) әсер етеді. Егер кредит шетел валютасымен берілсе, жоғарыда көрсетілген бес драйвер болғанның өзінде де, валюталық несие нашарлайды. Әрине, валюталық несиені экспорттаушылар алатын жағдайлар бар, бірақ көбінесе олар несиеге мұқтаж емес.
Драйверлерді сипаттауға көшпес бұрын, жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің қорытындысы бойынша 2018-2019 жылдары Қазақстан 141 елдің ішінде 55-ші орынды, ал қаржы жүйесінің бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші бойынша тек 104–ші орынды, оның ішінде банктердің тұрақтылығы бойынша – 121-ші орынды иеленгенін еске салып өткім келеді
[1]. Соңғы көрсеткіш кәсіпкерлер мен компаниялардың топ-менеджментінің сауалнамасының нәтижелері бойынша қалыптасады. Бұл бизнестің отандық банктерге деген сенім деңгейінің төмендігін көрсетеді. Гонконг, АҚШ, Финляндия, Сингапур, Ұлыбритания қаржы саласындағы жаһандық көшбасшылар болып қалып отыр. Егер динамиканы қадағалайтын болсақ, Қазақстандағы банк секторы стагнацияға ұшырап отыр және қандай да бір батыл іс-әрекетсіз жағдайды өзгерту екіталай.