CSI
Х Астана экономикалық форумы аясында
CSI дөңгелек үстел ұйымдастырды
16 маусым 2017
16 маусым 2017 ж. Астана. Стратегиялық бастамалар орталығы
(CSI, www.csi.kz) Х Астана экономикалық форумы аясында
«Болашақ энергиясы және Қазақстанның әлемдік энергия
жүйесіндегі рөлі» атты дөңгелек өткізді.

Дөңгелек үстел шеңберінде әлемдік энергетика өндірісін дамытудағы шешуші бағыттар мен қазіргі ғаламдық энергетикалық балансының құрылымы және оның алдағы уақыттағы ықтимал өзгерістері сарапталды. Сондай-ақ, Қазақстанның тұрақты даму мүмкіндіктері мен әлемдік нарықтағы энергия жеткізуші ретіндегі рөлі сөз болды. Талқылау барысында Қазақстанның қарқынды дамуы үшін энергетика саласына инновациялар енгізу мәселелеріне аса маңыз берілді.

Панелдік сессияға трансұлттық мұнай-газ корпорацияларының, беделді халықаралық ұйымдардың, әлемдік ғылыми зерттеу орталықтарының, ҮЕҰ-ның, ұлттық компаниялар мен ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Негізгі баяндаманы ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев жасады.
Ол өз сөзінде энергетика нарығында жеткен жетістіктерді сараптай келіп, Қазақстан Орталық Азия елдері ішіндегі 2050 жылға дейін «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасын қабылдаған жалғыз мемлекет екенін атап өтті. 2020 жылға қарай ЖІӨ-нің энергия үнемділігі 25%-ға азайып, мемлекеттің энергия теңгерімінің құрамына жаңартылатын энергия көздерінің қосылатынын және олар ЖІӨ-нің 3%-н құрайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, БҰҰ Жасыл климаттық қорының есебінен Қазақстанның «жасыл экономикасын» қаржыландыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар, «ЭКСПО 2017»-нің негізінде энергетика саласының трансформациясы мәселелерімен, «жасыл» бизнеске өту және жасыл технологияларды ортаға сай бейімдеудегі үздік тәжірибелерді енгізумен, «жасыл қаржы көздерін» дамыту жолдарымен айналысатын «Жасыл технологиялар» халықаралық орталығы құрылатынын хабарлады.

Сессияда сөз алған «Шелл» концернінің Қазақстандағы президенті Данкан Фон Берген өз презентациясында ауаға бөлінетін зиянды заттардың көлемін әлемдік деңгейде азайту мәселін көтерді. Ол, сондай-ақ, энергия жүйесін осы бағытта өзгертуге ынталандыру факторлары мен жүзеге асырудың тиімді жолдарына тоқтала кетті. «Шеллдің» жүргізген сараптамаларына сүйене отырып, осы ғасырдың соңына дейін ғаламдық энергетикалық баланстың басым бөлігін күн, жел сияқты жаңартылатын энергия көздері құрайтынын және атом энергиясының үлес салмағы артатынын атап өтті.

Панелдік сессияда танымал ғалымдармен қатар әлемнің жетекші сарапшылары да өз ойларымен бөлісті. Соның ішінде БҰҰ Даму Бағдарламасының Энергетика кластерінің (Бас Штаб-пәтері) жетекшісі М.Алерс сессия ұйымдастырушысы CSI-ға үлкен алғысын білдірді. Ол көтерілген тақырыптың өзектілігіне, талқыланған мәселелердің маңыздылығына, қатысушылар құрамының үлкен байыптылықпен таңдалғанына назар аударды. Пікірталасқа Принстон университетінің профессоры В.Хаппер, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы кеңсесінің басшысы А.Прейманис және басқа да халықаралық және жергілікті академиялық қауымдастықтың, даму институттарының өкілдері белсене қатысты.

Дөңгелек үстелдегі пікірталас нәтижесінде қатысушыларда ғаламдық энергетика өндірісінің ұзақ мерзімді перспективалы болашағына қатысты жанжақты түсінік қалыптасты. Қазақстанның энергетика саласының алдында тұрған негізгі мәселелер анықталып, энергетика өндірісінің елдің қарқынды дамуына серпін беретін стратегиялық шешімдері айқындалды.
Жаңалықтар
30 мамыр 2018
8 тамыз 2018